Аспанмен ғимараты таласқан мынау қала-заманда көгі шексіз, шетсіз кең көрінген жәдігер қала. Көгілдір аспан осында ғана көз тартып, осында ғана ұшы-қиыры жоқ көлемін көрсетеді. Жастайымнан жадымда заманның сан қилы желінен атауы сан өзгерген, сонау ерте палеолиттің басынан бері орны бар, ғұндардың тұсында қала болып құлпырған қасиетті шаһар ретінде қалды.«Тараздың садағындай қиылған қас» деп тамсана тамылжытқан Фирдоусидің кезінен-ақ талайға көруге арман болған, топырағын қарауға желіктірген тарихы Таразды тамашалау бүгінгі ұрпақ үшін үлкен бақ, бабалардың үлкен сыйы. Блогқұрылтайдың осы шаһарда өткізілуіне орай, Intellect Incubator-лықтар болып көлік басын тіреп, барып қайттық.
20 ғасыр бойғы тарих, Керей мен Жәнібек хандардың желбірете байрақ тіккен топырағы, Қарахан ханның кезіндегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Дәуітбек бабаның данагөйлігі, Тектұрмастың тектілігі, Айша бибідей арулардың асыл сезімі сіңген жер еріксіз елітпей қоймайды. Блогқұрылтайдың ұйымдастырушылары тарапынан болған тарихи қаланы аралату сапарында біраз жерге барып, біраз дүниелерге көз жеткіздік.
Тарихтың тағылымын сақтап, «бүгінгі күн – ертеңгі тарих» ұстанымын да ұмытпаған: «Әулие Ата» халықаралық әуежайы, «Баласағұн» концерт залы, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені, «Жәдігер» жылжымалы мұражай экспозициясы, «Төрткүл» керуен сарайы, «Әулие Ата» ат спорты клубтары әрбірімізге дәріптелген игі іс.
ЮНЕСКО-ның көлемінде 2000 жылдық талайғы тарихын тойлатып, бабалардың мұрасын мәңгі өшпестей, жүректе, есте сақтаттық. Елбасымыздың өзі: «Тараздың тойы – қара ормандай халқымыздың ежелден бергі ұзақ тарихымыздағы ұлан-асыр қуанышы, текті Тараз – біздің халқымыздың өткені мен бүгінін жалғап тұрған асыл арқау, мәңгіліктің алтын өрмегі», — деп баға берген алтын тойы тек Тараздықтар үшін емес, барша қазақстандықтар үшін ұлан-асыр мереке болған. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз назардан тыс қалмай, басты рөлде болды.
Тарихтың алтын діңгегі ұлы адамдар — Таразадан шыққан тарландар да мені қызықтырған. Қайткенмен де, ойлайтынмын, осыншама тарихы терең жатқан топыратың баласы қандай болады екен деп. Жүсіп Баласағұн, Хайдар Дулати, Қашқари, Жалайрилар сынды текті ұрпақ тарихтың алтын әріп түсер дәптерін ашып берсе, Бөлтірік шешен, Жамбыл мен Кенен, Атанберділер жанындай жырлап өтті. Момышұлы Бауыржан сынды Халық Қаһарманын жаратқан топырақ, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази сынды тарландарға да ыстық ұя бола білген.
Қазақ жерінде пайда болған алғашқы қалалардың бірі қасиетті Тараз мен үшін жәдігер қала. Елімнің елдік алғанға дейінгі хандық дәуірдегі басынан кешірген оқиғалары осында ғана көз алдыңда кескінмен көріне алады. Кіріп келген шақтан-ақ бейнелік әсер етуі жағынан болсын, аурасының тарихилығы, әрбір дүниеге аса мән беріле әспеттеген ұлттық бейнелері құдды бір халық тұрмыс құрып, тіршілік етіп жатқан қала емес, мұражайдағыдай дәріптеп, қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап отырған жәдігеріміз сияқты.